KZ RU
Халықаралық ынтымақтастық • Энергия тиімділігі

Энергияны үнемдеу болашаққа жауапкершілік

JICA делегациясымен кездесу • SECCA жобасы • Экологиялық тәрбие

Ресми кездесу жаңалығы
№59 мектеп-лицейі

Қазақстанда энергияны үнемдеуді ілгерілету мәселелері бойынша пікір алмасу мақсатында мектебімізге Жапониядан делегация келді. Делегация құрамында JICA – Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігінің өкілдері болды.

Бұл – дамушы елдерге қаржылық, техникалық және гуманитарлық көмек көрсету арқылы, сондай-ақ техникалық ынтымақтастық пен кадрлық әлеуетті дамыту бағдарламалары (тағылымдамалар, білім алмасу) арқылы ресми даму көмегін ұсынатын Жапонияның үкіметтік агенттігі.

Мектебіміздің таңдалуы кездейсоқ емес. 2023 жылдың маусым айында SECCA жобасы Қазақстанда Тұрақты энергетика күндерін табысты өткізді. SECCA жобасы аясында мектебіміз Астана қаласындағы 100 мемлекеттік мектептің ішінде ең энергия тиімді мектеп ретінде танылды.

Мектептің қасбетіне «Болашақ ұрпақ үшін тұрақты энергетика» атты мурал салынды. Қазақстандағы Еуропалық Одақтың елшісі Кестутис Янкаускас мектебімізге ең энергия тиімді мектеп ретінде сертификат табыстады.

Қонақтарды домбыраның әуенімен қарсы алдық. Оларға мектеп жобаларымен, соның ішінде оқушылардың жұмыстарымен танысу мүмкіндігі берілді. Делегация зерттеу туралы жалпы ақпаратпен бөліскен диалог өтті. Зерттеудің жалпы мақсаты – Қазақстанда энергия тиімділігін арттыру, ал жобаның мақсаты – өнеркәсіптік және тұтынушылық секторларда энергия үнемдеу саласында білімі бар кадрлардың әлеуетін арттыру.

Педагогтер энергия үнемдеу мен энергия тиімділігі, экологиялық білім беру мектеп бағдарламасына қаншалықты енгізілгенін, осы бағытта қандай іс-шаралар жүргізіліп жатқанын талдаумен бөлісті. Қонақтарды мектептегі білім беру арқылы оқушылар мен ата-аналар арасында энергия үнемдеу туралы білімнің қалай таратылатыны, сондай-ақ оны насихаттаудың тиімді жолдары қызықтырды.

Осындай кездесулер оқушыларымыз бен педагогтерімізді энергия үнемдеу және экологиялық тәрбие саласындағы жаңа бастамаларға шабыттандыратынына сенімдіміз.